Мемлекет басшысы халықаралық пәндік олимпиада жеңімпаздарына біржолғы ақшалай төлемдерді төлеу нормасын қарастыратын заңға қол қойды, деп хабарлайды «Хабар 24». Жаңа құжат бойынша алтын медаль алған оқушыға 1 500 АЕК, күміс медальға 1 000 АЕК, қола медальға 500 АЕК көлемінде ақшалай сыйақы беріледі. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов оқушыларымен кездесуінде айтты. Сондай-ақ ол кездесу барысын өзінің Facebook парақшасында жазды бөлісті. Ол өз жазбасында Алматыда қала мектептерінде оқитын республикалық олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін құттықтап, оларға дипломдарын табыстап, дарынды балалардың сұрақтарына жауап бергенін айтты. «Биыл жүлделі орындарды еліміздің барлық аймағының 920 қатысушысы иеленді. 183 оқушы алтын, 274 оқушы күміс және 463 оқушы қола медаль иегері атанды. Олар аудандық, қалалық, облыстық олимпиадалардың елегінен өтіп, республика көлеміндегі үздіктердің үздігі атанды. Жас қатысушылардың жеңістері барынша әділ болуы үшін биыл біз барлық деңгейдегі олимпиаданы өткізу процесін автоматтандырдық. Яғни олар электронды форматта өтті. Былтыр оқушыларымыздың әлемдік деңгейдегі олимпиадаларда жеңіп алған медальдары рекордтық көрсеткішке жетті. Биыл өз рекордымызды жаңартамыз деп үміттенемін», – деді министр. Сондай-ақ ол сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дарынды балаларды қолдауға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті. Жақында Президент халықаралық пәндік олимпиада жеңімпаздарына біржолғы ақшалай төлемдерді төлеу нормасын қарастыратын заңға қол қойды. Алтын медаль алған оқушыға 1 500 АЕК, күміс медальға 1 000 АЕК, қола медальға 500 АЕК көлемінде ақшалай сыйақы беріледі. Оқушыларды жарысқа дайындаған педагогтерге де біржолғы сыйақы беріледі. Одан бөлек, халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне қазақстандық ЖОО-ға түсу үшін автоматты түрде гранттар беріледі. «Білім және ғылым министрлігі елімізде балаларға жағдай жасау және олимпиадалық қозғалысты дамыту жұмыстарын жалғастыра береді. Құрметті оқушылар! Қызықты кездесу, жағымды эмоция және оқудағы жетістіктеріңіз үшін рахмет! Мұнымен тоқтап қалмай, тек алға ұмтыла беріңіздер!» – дейді Асхат Аймағамбетов.