КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – ҚР Тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында «Азаттығым-асқақ рухым!» тақырыбымен жас ақындардың республикалық мүшәйрасы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап. Онлайн режимде өткен байқауда Алматы, Қостанай, Қарағанды, Түркістан, Көкшетау, Қызылорда, Павлодар қалаларынан жас ақындар бейнеконференция арқылы төрешілерге өлең-жырларын арнады. Байқауға танымал ақын, халықаралық, республикалық, облыстық, қалалық әдеби байқаулардың жеңімпазы Бауыржан Қарагөзұлы, филология ғылымдарының докторы Сәбит Жәмбек, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлден Қажыбаева төрелік етті. «Бүгінгі іс-шарамыздың мақсаты ғасырлар бойы мұра болып келген халқымыздың салт-дәстүрі мен өнерін сақтап, келешек ұрпаққа насихаттау», - деді құттықтау сөз сөйлеген Көкшетау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айгүл Сәбитова. Байқау қорытындысы бойынша, гран-при жүлдесіне көкшетаулық Мұхаммед Қонқаев ие болса, бірінші орын павлодарлық Бауыржан Рамазан, екінші орын қостанайлық Дәулет Жадырасын және үшінші талдықорғандық Өмірбай Бейбарыс-Сұлтан жеңіп алды. Барлық қатысушыға Алғыс хат пен естелік сыйлықтар үлестірілді.